Айғырлар – 10 жасар Кумир мен 8 жасар Триумф – алдағы асылдандыру маусымында Қостанай жылқы зауытында болады, содан кейін олар үйлеріне қайтады. Жылқылар Еуропадан келген таңдаулы жүйрік аттардың ұрпақтары және Алматы облысындағы «Қобыланды» жылқы зауытына тиесілі. Оларды Қостанайға жіберер алдында ғалымдар мұқият іріктеу жүргізіп, қостанай тұқымына ең ұқсас күрең түсті, аяғы мен маңдайында ақ дақтары бар екі айғырды таңдады. Айғырлардың көмегімен асыл тұқымды өзек болып табылатын Қостанай тұқымының 34 бас биесін ұрықтандыру жоспарлануда.
Жылқылар алдымен бейімделу және жұптауға дайындық кезеңінен өтеді. Сәуір айының соңында басталатын жұптастыру жоспары дайындалуда. Жұптар тұқым стандартына қол жеткізу үшін сыртқы түрі мен келбетіне қарай таңдалады. Олардан келесі жылдың сәуір-мамыр айларында төл алады деп күтуде.
Осы ретте «Қобыланды» жылқы зауытына генетикалық материалды көшіру үшін Қостанай тұқымының Рабат атты үлгілі айғыры жіберілді.
«Қобыланды» жылқы зауытының өкілі Василий Мельников атап өткендей, оған қостанайлық жылқылар тобымен шағылыстыру үшін 10 асыл тұқымды бие дайындалған. Ол үшін асылдандыру бағдарламасы әзірленді.
Келісім аясында «Байсерке Агро» агрохолдингі Қостанай жылқы зауытының қораларын жөндеу мен жайластыруды өз мойнына алады.
Өткен жылы «ҰАҒБО» КеАҚ, «Қазақ тұлпары» ЖШС және «Байсерке Агро» арасында қостанайлық жылқы тұқымын сақтап қалу және көбейту бойынша бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.
Бұл жұмыс еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық жылқы мен тазы тұқымын жаңғырту бойынша тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Айта кетсек, бұл ерекше жылқы тұқымы қазір жойылу алдында тұр. Қазіргі таңда асыл тұқымды кітапта 200-ден аспаса, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытында (Қостанай жылқы зауыты) 48-і ғана бар.